ойын сауық отауы
Шар-жаалты біріншінің патшалығы кезіндегі тенгере-тедыгечи
03.10.2021 463 0 Admin

Шар-жаалты біріншінің патшалығы кезіндегі тенгере-тедыгечи

Аңыздар
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар
Шар-жаалты біріншінің патшалығы кезіндегі тенгере-тедыгечи
Төре-Керелты дүние салғаннан кейін Тенгер-Тедыгечидің кенже інісі аса рақымсыз болып, ағасының ілімін қабыл алмаған халықтарды өз патшалығынан қуып шықты. Осы кезде Тенгере-Тедыгечи көктен түсіп, оған: «Малды ұзын қамшымен ұрсаң, желінін жаралайсың, сүт болмайды», - деді. 
Шар-Жаалты өзінің қоластындағыларға қатал болғанын әшкерелеген бұл тәмсілді түсінді.
Сонан соң Тенгере-Тедыгечи жерге құлап, сырғанап жүріп китбалыққа айналды. Жерден тұрғанда қайтадан адам кейпіне кірді. Екінші рет құлап, тағы да сырғанап жүріп алып денелі ашулы аң – қарағұлға айналды. Орнынан тұрғанында адам болып кетті. Жеңдерін сілкіп еді – үлкенді-кішілі кітаптар шашылып түсті. Тенгере өзінің кенже інісіне: «Мына кітаптардың барлығын үш күннің ішінде оқып шық!» - деп бұйырды. Бұрыла бере қайтадан қарағұлға айналып: «Жеті жылдан соң келемін», - деп көзден ғайып болды.
Сол аралықта ол жүрген жерінде барлық жанды атаулыны есіртіп, құтыртатын жын-шайтандарды жеңді. Біреулерінің бастарын жұлып алды, басқаларының апай-топайын шығарып, жан-жаққа қуды. Осылайша жеті жыл өтті. Ол жер астынан тағы да жарық дүниеге шығып, Шар-Жаалтыдан: «Мен берген кітаптарды оқыдың ба?» - деп сұрады.
«Түгел оқып шықтым. Күрделі ештеңесі жоқ сияқты. Тек бір жері қиын соғып тұр. Онда менің он бестен алпыс жасқа дейін ораза ұстауым керек екен».
«Саған бұған қиналсаң, жыл сайын тек қыста ғана, көктемде алғашқы күн күркірегенге дейін ораза тұт. Ал жазда сенен ораза талап етілмейді!» - деп кеңес берді ол інісіне.
Шар-Жаалты қартайған шақта Тенгере-Тедыгечи тағы келіп, оған ұзындығы үш құлаш, көлдеңені төрт аршын кітап беріп: «Бұл біздің ақырғы көрісуіміз, енді саған келмеймін. Мына кітапты оқы! Ол дария түбіндегі теңіз патшасынан алынған. Егер оның ішіндегісін түгел зердеңе тоқысаң, күшіңе күш қосылады. Сенімді әскерің болады. Жүрсең, суға батпайсың, теңіз түбінен құм көтеріліп, саған көпір болады әрі отқа да жанбайсың», - деді.
Содан соң Тенгере-Тедыгечи кенже інісіне семсерін табыстап, «Есіңде болсын, кімде-кім сенімен соғысуға келсе, қорықпай шайқас, шегінбе, ал өзің соғыс іздеуші болма!» деген ғибрат айтты.
Шар-Жаалтының патшалығынан қуылған халықтар екі дінге бөлінді. Бір бөлігі шаман, бақсыларға табынды. Ал екіншілері зікір салмай, биік тауларда сүт шашып, маржан-су сеуіп, түтін түтетіп, құрбан шалды. Тек Тенгере-Тедыгечидің кітаптарын оқыған бір ер бала мен оның шешесі ғана ешқайсысына қосылмады. Бір күні осы баланың аяқ-қолдары ісіп кетіп, ауырып қалады. Шешесі Көкке көз тігіп, Үлкен Тәңірге сыйынып, медет сұрайды. Ананың көз жасын көрген Тенгере жай адамның кейпіне кіріп, Көктен түседі. Әуелі ол зікір салып, жын шақырған жұртқа келіп, оларды сол халықтың екінші бөлігіндей сыйынуға үйретеді. Себебі бұлар құрбанға арналған малдарды сойып, мүжілген сүйектерін бір жерге үйіп, Үлкен Тәңір алдында өртейтін еді. Тенгере бақсыларға табынушыларға: «Сендердің зікірілерің Көкке жетпейді, өйткені, Тәңірге ұнамайды», - деді. Халық онымен таласа бастады. Сондағы айтқаны: «Егер маған сенбесеңдер, бәс тігейік. Шындық кім жағында екенін көреміз. Егер сендердің құрбандықтарыңа Көктен от түсіп, жалмап жеп қойса, шындық сендер жақта, ал егер менікіне түссе, шындық мен жақта болғаны».
 ...Сонымен бәрі осылай істеуге келісті.
Шаман, бақсылар тауға шығып, таңды таңға ұрып зікір салып, Құдайды шақырды. Бірақ олардың құрбандықтарына от түспеді.
Халықтың екінші бөлігі тастан қашап құрбан шалатын орын жасады. Осы жерге құрбандық сүйектерін қойып, маржан-су сеуіп, сыйына бастады. Тенгере екі қауымның арасындағы осы бір таластың куәгері әрі төрешісі болды. Зікір салмаған қауым жалбарынған кезде күн күркіреп, найзағай жарқ-жұрқ етіп от шашып, құрбандыққа келіп түсіп, ол тас тұғырмен қоса лапылдап жанып кетті. Су да, тіпті, күл де қалмады.
Бірақ зікір салушылар бұл қауымға: «Жоқ, біз сендерге сенбейміз, құрбандарыңды тау жындары жалмап қойды, от Көктен түскен жоқ», - деді.
«Егер сендер осы кереметке сенбесеңдер, мына ауру баладан жын-шайтан салған дерттің темір бұғауын алып тастап, сонымен мені бұғаулаңдаршы», - деді Тенгер. (Ал, бұл бұғауды тек абыздар мен пірадарлар ғана көре алатын).
Шамандар қанша дабылдатып, сарнап, зікір салғанымен, бұған шамалары келмеді. Сонда Тенгере сырқат баланы азат етіп, бұғауды өзіне салды. Осыдан соң науқас бірден жазылып кетті. Ал Тенгере-Тедыгечи: «Егер сендердің діндерің бірінші және құдайларың құдіретті болса, менен бұғауды шешіп алыңдар. Мен сендердікі болмай-ақ қояйын, өз жағыма кетейін, ал шеше алмасаңдар сендерді от жалмасын!» - деді.
Шамандар зікір салып, көптеген жындарын жіберді, бірақ бірде-бірі Тенгереге жақындай алмады. Бұғау шешілмеді, от оаған тимеді. Сол екі арада шамандардың өздері лапылдап жана бастады. Әлдеқандай тылсым күш қолдарын қозғалтпай, сірестіріп тастады. Тіпті даң-дабылдарын да, сыбызғы-сырнайларын да лақтыра алмай қалды. Суға секіріп, жерге аунады. Алайда өздерін күйдірген жалынды сумен де, топырақпен де өшіре алмады.
Тенгере енді шамандарға құрбандарының қандары шашыраған қызыл тауды көрсетіп: «Менің соңымнан ана тауға жүріңдер, сонда сендердің құдайларың тұрады. Енді мен сендердікімін», - деді. Осыны айтып, ол сумаңдаған жалын тілдерінің арасымен өтті. Тек Тенгеренің басқан іздеріне ғана от дарымады. Шамандарды қауымымен бірге тау басына апарып, Тенгере көзден ғайып болды. Бүкіл жанды атаулы жанып біткенше, қызыл тау алаулап тұрды. Сосын ол бірте-бірте шөгіп, жазық алапқа айналды. Осылайша шамандық пен бақсылыққа сенген барлық адамдар жанып кетті, олардың ізінше жын-шайтандар өртенді. Кейбіреулері теңізге сүңгіп, жалыннан жандарын арашаламақшы болды. Бірақ оларды теңіздегі Убускху-каан ұстап алып, жанып жатқан тауға қайтадан лақтырды. Біреулері тозаққа секіріп еді, ол жақтан қашқындарды Энгыс-каан ұстап, жалынға қайтарды.
Қызыл тау отыз алты жыл бойы алаулап жатты. Оның аты – Күйгентау, ол Күйікті даласының маңайында. Бүгіндері де шулық зайсандар (кеңесшілер, уәзірлер) Күйгентаудан топырақ алып, шамандарға ызаланған кезде беттеріне күл шашады. Бұл жын-шайтандар күлден қатты қорқады деген нанымнан туған.

жиған-терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Оқымысты һәм жасын иесі Тенгере-Тедыгечи хақында Оқымысты һәм жасын иесі Тенгере-Тедыгечи хақында
Баяғы өткен замандарда жер бетінде Теер-Жанғы есімді бір кісі өмір сүреді. Оның Тенгере-Тедыгечи, Төре-Керелты және Шар-Жаалты деген үш ұлы болады.
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар: Химера Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар: Химера
Химера – Құдай тектес, арыстан басты, ешкі денелі, жылан бөкселі, аузынан от бүріккен тажал. Оны құдайлардың сәуегейлікпен айтқанындай, сымбатты
Ер - сайынның ерліктері Ер - сайынның ерліктері
Ер-Сайын – Үлкен Тәңірдің кіші ұлы. Ол Жерге адамдарға әділет орнату үшін жіберілген. Тойбон атты хан билік құрған бір елде Ұлақшын деген шалдың
Еркіліктің жауыздығы Еркіліктің жауыздығы
Еркілік сайтанның патшалығы жойылды. Енді ол Үлкен Тәңірді мазалап, өзіне қандай да бір жер бөліп беруін сұрады. Сен мені патшалығымнан айырдың, сол
Отбасының 7 қағидасы Отбасының 7 қағидасы
Сенің ата-анаң – менің ата-анам, менің ата-анам – сенің ата-анаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтам, келіншегім қайнысына
Желтоқсан Желтоқсан
Деді ме екен қайраттанар жыл келді, Таңдандырып аға ұрпақты, үлкенді. Ар - намыстың алаңында жастықтың Сонда рухы жұдырық боп сілтенді. Жас қайрат
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×